Жаңартылған бағдарлама –табысты болашақ кепілі.
Оқушының мүмкіндігін барынша аша алатын, оқушының қызығушылығын, икемділігі мен қабілеттілігін толықтай есепке алуға жағдай құра алатын жаратылыстану-математикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын іске асыратын зияткерлік мектептер жүйесінің бағытында жұмыс жасау бүгінгі күннің талабы болып отыр.
Осы мақсатта желтоқсан айының 7 жұлдызы күні Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің практик мұғалімдерінен құрылған шығармашылық топ мүшелері, яғни: бейінді эксперименталды жұмыс бойынша директордың орынбасары Н.Т.Рыспекова, бағдарламалық жабдықтау маманы Қайыргелді Сабитов, қазақ тілі пәнінің мұғалімі А.А.Жусупова, математика пәнінің мұғалімі Эсентай Өнер, биология пәнінің мұғалімі Ш.А.Даурыкбаева, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Г.Б.Сатжанова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі С.А.Юцевичутене, орыс тілі пәнінің мұғалімі Ж.М.Алтынбекова, «Өнер» пәнінің мұғалімі Өнерхан Маратбек, мектеп психологы М.М.Тусупова, кураторлық жұмыстарының жетекшісі А.Г.Жұмабекова және Киевка №2 жалпы орта білім беретін қазақ мектебінің мұғалімдер ұжымы бірлескен «Сабақтарда топтық жұмыстарды ұйымдастыру» тақырыбында практикалық семинар өткізді.
Семинар барысында пилоттық мектептің 2-сыныптарында дүниетану (А.К.Кусаинова, А.А.Жусупова), математика (С.С.Исабекова, Эсентай Өнер), жаратылыстану (А.К.Кусаинова, Ш.А.Даурыкбаева), өзін-өзі тану (С.С.Исабекова, Г.Б.Сатжанова), ағылшын тілі (М.А.Султанова, С.А.Юцевичутене), орыс тілі (А.Ж.Назымбекова, С.С.Кайдарова, Ж.М.Алтынбекова), музыка (К.С.Аужанова, Өнерхан Маратбек) пәндерінен командалық сабақтар өткізді. Сонымен қатар Зияткерлік мектеп мұғалімдерінің жетекшілігімен «Білім берудің жаңа мазмұнын енгізу үдерісінде оқушыға үздіксіз психологиялық қолдау көрсету», «Бала дамуының дағдарысты кезендері және педагогикалық қолдау көрсету» коучинг сессиялары және «Тілдік пәндерді оқытуда инновациялық тәсілдерді қолдану» тақырыптарында шеберлік сабақтары өткізілді.
Өткізілген сабақтарда топтық жұмысты ұйымдастыру бойынша ғана емес, сондай-ақ оқушылардың ынтымақтастық дағдыларын дамыту бойынша да, балалардың жеке ерекшеліктеріне сәйкес әдіс-тәсілдер ұсынылды. Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары коучингтер өткізу барысында мұғалімдерге үнемі оқыту мен оқуды қалай жақсартуға болатынына байланысты әдіс-тәсілдер туралы айтып түсіндірді.
Аталған іс-шараға ауданымыздың басқа да мектептерінен бастауыш сынып мұғалімдері қатысып, тәжірибе алмасты. Бұл тек нәтижелі жұмыс қана емес, бір мақсат, бір мүддедегі педагогтардың қарым-қатынастан алған оң әсерлері мен өз білімдерімен бөлісуге дайындықты шынайы қолдау болды.
Өз ісінің шебері, білікті де білгір маман, Назарбаев Зияткерлік мектебінің бейінді эксперименталды жұмыс бойынша директордың орынбасары Н.Т.Рыспекова Зияткерлік мектеп және пилоттық мектеп мұғалімдердің барлығын ұйымшылдықпен жұмыс жасауға біріктіріп, өз ортамызда ынтымақтастық ортаны қалыптастыра білді. Семинар барысында түрлі әдіс-тәсілдерді, оқытудың жаңаша формаларын қолдану арқылы әр сабақты бір-біріне ұқсамайтындай етіп жоспарлаған мұғалімдер оқушыларға берілген тапсырмаларды өз бетінше орындатып, нәтижеге өздерінің қол жеткізуіне бағыт-бағдар беріп, оқушылардың талмай жұмыстануына жетекшілік жасады. Жұмыс үдерісінде оқушылар компьютерлік технологияларды пайдалану, материалдарды іздеу, ақпаратты сыни бағалау, топтың басқа мүшелерінің қызметін ұйымдастыру, әртүрлі пікірлерді есепке алу, өзара құрмет, әріптестік, сахналық шеберлік, сөйлеу мәнерін дамыту сияқты жұмыс түрлерін көрсетсе, кейбір оқушылар дағдыларды қабылдай алды. Олар бір-бірінен үйренді, бір-біріне құрметпен қарады, себебі оларды ортақ іс біріктірді.
Семинарға қатысушылар эксперимент сыныптарында өткізілген әр сабаққа зор ықыласпен, аса қызығушылықпен қатысып, жаңа мазмұнды білімнің тиімділігін түсініп, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін тәжірибелік тұрғыда меңгеріп, нәтижеге бағытталған сабақтарды жоспарлауды үйренді. Өткізілген практикалық семинар бастауыш сынып мұғалімдеріне не берді? Күтілген нәтиже қандай? Осы сұрақтарға жауап алу мақсатындағы кері байланыстар мұғалім мен оқушы арасында, оқушы мен оқушы арасында, мұғалім мен мұғалім арасында жүзеге асырылды.
«Семинарда өткізілген әр сабақ өте қызықты мәліметтерге толы болды. Жаңартылған бағдарламада басты назарда ұсталып отыратын төрт дағды, яғни: оқылым, жазылым, тыңдалым мен айтылымды дамыта отырып сабақ мақсаттарын құру, жаңаша әдіс-тәсілдермен берілген сабақ бұрынғы дәстүрлі сабақтарға қарағанда өте тиімді. Аудан орталығында ұйымдастырылған осындай семинарлар білім беру саласына оң әсер беретініне сенімдіміз», «Семинарда бастауыш сынып мұғалімдері, оқушылар өздеріне қажетті мол рухани байлық ала алды, теория түрінде де, тәжірибе түрінде де өздеріне қажетті өте мол қор жинады. Осындай практикалық семинарлар жиі өткізіліп отырса нұр үстіне нұр болар еді», «Сабақ беруді түрлі әдістермен қызықты етіп өткізу, берілген төрт дағдыны үнемі назарда ұстап отыру, білім саласындағы тың өзгерістерді танып-білу, үнемі жаңалыққа ұмтылу қазіргі таңда аса маңызды. Осыған орай мұғалімдерді бағдарламаның барлық қыр-сырымен терең таныстырып, өте мазмұнды бірлескен практикалық семинар өткізген Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектеп мұғалімдеріне және пилоттық мектеп ұжымына алғыс білдіреміз» деген жағымды ойлар мен тілектер семинардың оқушылар мен ұстаздар қауымы үшін ойдағыдай өткендігін дәлелдеді.
Семинардың соңғы бөлімінде «Жаңартылған білім беру жүйесіне көшу жағдайында оқу-тәрбие жұмысын жаңаша ұйымдастыру» тақырыбындағы «Дөңгелек үстел» өткізілді. Дөңгелек үстел барысында орта және қысқа мерзімді жоспарлау ерекшеліктеріне тоқталып, білім мазмұнын жаңарту аясында критериалдық бағалау жүйесі талқыланды.
Семинар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – тірегім, елім деп соққан жүрегім» тақырыбындағы, мектептің барлық оқушыларының қатысуымен орындалған флешмобпен аяқталды.
Өткізілген семинар екі мектеп ынтымақтастығының ауқымды мүмкіндіктерін көрсете алды. Осындай бірлесіп сабақ өткізу мұғалімдердің біліктілігін арттырып, тәжірибесін молайтуына үлкен көмек деп санаймыз.
К.Д.Жанкуатова
Киевка №2 жалпы орта білім беретін
қазақ мектебінің директор
Жаңалыққа бастаған жаңартылған бағдарлама.
Елбасымыз Н.А. Назарбаев «Дамыған,бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін, біз жоғары білімді ұлт болуымыз керек» дей келе, өскелең ұрпақтың функционалдық сауаттылығына аса назар аударуды талап етіп отыр.
2011–2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының білімді дамыту бағдарламасын іске асыру мақсатында, 2015 жылы шілденің 4-і күні Білім және ғылым министрлігінің Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын (12 жылдық оқу бағдарламаларын) апробациядан өткізу туралы бұйрығы шықты.
Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының негізгі мақсаттарының бірі болып табылады.
Жаңа жүйе өткен оқу жылы, қыркүйектің 1-інен бастап пилоттық жоба ретінде еліміздегі 30 мектепте енгізілді. Бұл мектептердің арасында қазақ мектептерімен қатар, орыс, аралас, тіпті ұйғыр мектептері де бар. Астана мен Алматы қалаларында бір-бір мектепте, еліміздің 14 облысының әрқайсысында екі-екі мектепте пилоттық жоба енгізіледі. Олардың бірі — қала, екіншісі — ауыл мектебі.
Аудан орталығындағы №2 жалпы орта білім беретін қазақ мектебі осы 30 мектептің қатарындағы бірден-бір мектеп.
Аудан бойынша бұл жобаны алғаш болып жүзеге асыру біздің ұжымға тапсырылуы, әрине, бізге зор сенім ғана емес, екі есе міндет те жүктеп отыр. Эксперимент барысында:
* Жаңартылған мазмұнды үлгілік оқу жоспары мен оқу
бағдарламаларын апробациялау;
* Сынама оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдарын
апробациялау;
* Оқу жетістіктеріндегі критериалды бағалау жүйесін
апробациялау;
* Мұғалімдердің біліктілігін арттыру;
* Эксперимент режиміндегі оқыту сапасына тұрақты
мониторинг жүргізу.
Орта білімнің жаңартылған мазмұнына көшу - білім беру саласының өзекті 12 мәселесінің біріншісі. Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын жаңарту «өмірлік білім алу» тұжырымдамасынан «өмір бойы білім алу» тұжырымдамасына қарай өтуге; білімді үнсіз тыңдаудан ынталылыққа, білімнен құзыреттікке бағытталған.
Білім беру әдісі өзгереді, білім беру мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болады. Жаңартылған Бағдарлама жаңашыл ой тудырды. Себебі әр жаңашылдық, біріншіден, стандартты іске асыруда мұғалімнен кәсібилік, екіншіден, одан әрі сапалы нәтиже алу мақсатында жігерлі іс-әрекеттерді талап етеді.
Мектептегі білім беру мазмұнын жаңартудағы мұғалімнің атқаратын маңызды рөлін ескере отырып, педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар атқарылды.
Эксперименттік сыныптарында дәріс беретін бастауыш сынып мұғалімдері Қарағанды қаласындағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық
орталығы» АҚ филиалында ІІ деңгейлік бағдарламалары бойынша курстан өтті.
Мектеп бойынша 26 мұғалім Республикалық педагогикалық шеберлік орталығында жаңа жүйе бойынша өткізілген курстардан өтіп, арнайы сертификаттар иеленді. Педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары бойынша барлығы 15 (28%) мұғалім білімдерін жетілдірді.
Мектебімізде бастауыш білім берудің жаңа стандартын апробациялау мақсатында 2 сынып-коплект ашылып, негізгі пәндер бойынша бір сынып «Атамұра» баспасынан жарық көрген оқулықтармен оқытылса, екіншісі «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы әзірлеген оқулықтармен білім алды. Сонымен қатар, жекелеген пәндер бойынша «Алматы кітап», «Бөбек», «Мектеп», «8+8», «Knowledge Partners» баспаларынан шыққан оқулықтары қолданысқа енгізілді.
Апробациялау барысында , осы оқулықтармен жұмыс жүргізген мұғалімдер авторлармен кездесіп, жыл бойы оқулықта кеткен кемшіліктер мен оқулықтың бағдарламасы жайлы талдауға қатысып, авторлардың ой-пікірлерін тыңдап, ой бөлісті.
12 жылдық білім беру жүйесі бойынша 1-сынып оқушыларының оқу жоспарына екі жаңа пән енгізілді. Олар: орыс тілі мен жаратылыстану пәндері. Ал 3-сыныптан бастап оқушылар ақпараттық коммуникациялық технологиялар пәнін оқиды. Бұл пәнді оқу арқылы балалар компьютерді пайдалану негіздерін меңгереді.
Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы «Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуі тиіс» деген тапсырмасын орындау мәселесі бастауыш мектепте арналған типтік оқу жоспарында ұтымды шешімін тапқан және пәндерді оқып-үйренуге апталық сағат сандары барынша тиімді бөлінген. Атап айтқанда, жаңа стандарт бойынша 2,3,4-сыныптарда ағылшын тілі бір сағатқа артық оқытылады.
Мектебімізде «Ерте жастан үш тілді қатар үйрету» тақырыбында тәжірибе жұмысы жүргізілуде. Тәжірибе жұмысының міндеті мектепалды дайындық сыныбынан бастап үш тілді қатар үйрету мақсатында білім беру бөлімімен келісілген, арнайы бағдарлама құрылды. Ағылшын тілі сынып оқушыларын екі топқа бөлу арқылы жүргізіледі.
Үштілді білім беру іс жүзінде іске асырылатын жолдар:
1. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің халықаралық
стандарттарға сәйкес оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, деңгейлік меңгерілуін қамтамасыз ету;
2. Сабақтан тыс жұмысты қазақ, орыс және ағылшын
тілдерінде ұйымдастыру;
Енгізілген жаңашылдық оқушыларға тыңдалым және айтылым, оқылым және жазылым, проблемаларды шешу, ғылыми зерттеу дағдыларын дамытуға көмектеседі.
Білім беру жүйесі шиыршық әдісі (спираль) бойынша жүзеге асырылады. Бұл әдіс мұғалімнің қызметіне оңтайлы өзгерістер әкеледі. Атап айтқанда, оқушылар оқыған тақырыпты бірнеше мәрте қайталап оқиды, оны қайталаған сайын күрделеніп, алған білім бұрынғымен қайта
қарастырылады. Оқушы бір пәнде алған білімін басқа пәнде өз білімін оның негізінде жақсартуға мүмкіндігі болады.
Жаңа стандарт бойынша, балалардың білімін бағалауда да өзгеріс енгізілген. Оқу үдерісінде күтілетін нәтижеге жету үшін критериалды бағалау жүйесі қарастырылған, оның пайдалану жолдары қамтамасыз етілген. Олардың мазмұнында шәкірттер өз-өзін бағалау үрдісіне қатысып, жетістіктерін одан әрі дамыту мақсатында беріліп жатқан білімнің сапасы анықталады.
Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартын енгізу және орта білім мазмұны ішінара жаңарту жобасын енгізуде Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі пилоттық Киевка №2 жалпы орта білім беретін қазақ мектебімен ынтымақтастық орнатып, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» автономиялық ұйымының төрайымы Куляш Ноғатайқызы Шамшидинова бекіткен жұмыс жоспары бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылды.
Оқу жылы бойынша пилоттық мектепте Назарбаев Зияткерлік мектебімен бірлескен «Әдістемелік жұмыс күндері» өткізіліп тұрды. Мектеп мұғалімдері Назарбаев Зияткерлік мектебінде жаңадан енген, «Жаһандық перспективалар мен жобалау қызметі» пәнінің маңыздылығын, командалық оқыту, «Lesson study» (Лессон стади) әдісі, кәсіби қоғамдастық құру, дарынды балаларды оқытудың озық тәжірибелерімен танысты.
«Әдістемелік жұмыс күндері» зияткерлік мектеп мұғалімдері тәлімгерлік пен коучингті, мектептің дамыту жоспары, оқушылар қауымдастығын құру жолдарын көрсету мақсатында шеберлік сабақтар өткізді. Деңгейлік курстан өткен мұғалімдерімен бірлесіп педагог мамандардың кәсіби шеберлігін арттыру мақсатындағы коучинг – сессиялар өткізді.
Бүгінгі күнде мектебіміздегі оқушылар қауымдастығының жұмыс бағыты Назарбаев Зияткерлік мектебі ұсынған «Шаңырақ» жобасы негізінде ұйымдастырылған.
Оқу жылы бойынша Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартын енгізу және орта білім мазмұны ішінара жаңарту мақсатында өткізілетін іс-шаралар барысында озық тәжірибені тарату, шеберлік сағаттар, оқыту семинарлары, командалық сабақтар, «Bookcrossing» кітап саяхаты акциясы және түрлі тақырыптарға онлайн семинарлар өткізіліп тұрды.
Бірлескен жұмыстардың басты бағыты – бұл пилоттық мектептің педагог қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру арқылы білім сапасын жақсарту.
Облыстық тамыз педагогикалық кеңесінің «Жаңартылған білім мазмұны аясында оқытудың белсенді формалары» тақырыбындағы секция жұмысын мектеп мұғалімдері жауапкершілікпен атқарып, шығармашылық танытты. Секция жұмысында мектебіміздің шығармашылық топ мүшелері: М.А. Сұлтанова, Ә.Ж.Назымбекова, А.К.Кусаинова, С.С.Исабекова, К.С.Аужанова, З.Д.Жаншина, А.С.Шуленбаева, Ж.Д.Шаймерденова, Ш.Е.Серікбай қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді, орта мерзімді жоспар мазмұнын талқылау, білім мазмұның жаңарту жағдайында көптілді оқытуды жүзеге асырудың ерекшеліктері, критериалды бағалау формасын түсіндіру жұмыстарын атқарды.
Бұл тек нәтижелі жұмыс қана емес, бір мақсат, бір мүддедегі педагогтардың қарым-қатынастан алған білімдерімен бөлісуге дайындықты қолдау.
«Білімдіден не пайда, білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда , қайырымы қайтпаса» деген екен А.Байтұрсынов. Сондықтан үнемі кәсіби біліктілігін артып, жаңашылдыққа ұмтылған педагог қана шығармашылықпен, зор қуатпен еңбектенеді. Себебі, әлем таныған елде рухани бай және интеллектуалды тұлғалар мекендеу қажет.
«Білімді болу деген сөздің мағынасы – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу»,-деген Әл-Фарабидің сөзіне жүгінетін болсақ, ел ертеңі білімді ұрпақпен ғана өлшенбек.
Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқандай: «Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білу» үшін мектеп оқушыларының терең білім алып, саналы да саламатты болып шығуына педагог мамандардың шығармашылықпен атқарған жұмыстарының қосар үлесі мол.
Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады.
К.Д.Жанкуатова.
Киевка №2 жалпы орта білім беретін қазақ мектебінің директоры.